Олар 500 мың теңгеден төмен жалақыға жұмыс істеуге құлықсыз
Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бүгінгі таңда жастар жалақының жоғары, жұмыс кестесінің ыңғайлы болғанын қалайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, жастар еңбек өтілі болмаса да жалақының жоғары болғанын қалайды.
Қазір жастар оқуын бітіріп, еңбек нарығына келіп жатыр. Олар зауытқа барып жұмыс істегісі келмейді. Қазіргі таңда оларға 500 мың теңге еңбекақы мен жұмыс кестесі ыңғайлы болуы керек. Жастар осындай талап қойып отыр, - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.
Светлана Жақыпова жастарды өнеркәсіпке және ауыл шаруашылығына тарту үшін Үкімет жеңілдік беру керек деген пікірде.
Біріншіден, техникалық оқу орнын бітірген азаматтарға жеңілдіктер беру яғни оларды әскери борышты өтеуден босату керек. Колледждердің ішінде сержант құрамын дайындайтын әскери кафедра ашу шарт. Қазір Қорғаныс министрлігі бұл ұсыныстан бас таптып отыр. Бірақ біз өнеркәсіпті дамытамыз, білікті маманды тартамыз десек осындай жұмыс істеуіміз керек. Екіншіден, ауылдағы жұмыссыздық. Бүгінде ауылда жастар қалған жоқ. Олар қалаға кетіп жатыр.... (Бұл жақта) ауыл шаруашылығын дамыту үшін субсидия сомасын көбейту керек, - деді басшы.