Астанада №1 емхананың жөндеу жұмыстары үш жылдан бері бітпеген
Қоғамдық ұйым қаладағы құрылысы созылып кеткен нысандарды тексерді
Астанада құрылысы ұзаққа созылған мемлекеттік нысандар қоғамдық ұйым өкілдерінің жіті бақылауынан кейін ғана бітетін уақыттары нақтыланды. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков әлеуметтік желіде жазды.
Оның жазуынша, сағыздай созылған бірқатар құрылысқа қоғамдық бақылаумен барып тексерген.
Солардың бірі, қала әкімдігінің «№1 қалалық емхана» ғимаратын қайта жаңарту бойынша мемлекет бюджетінен 1 147 650 теңге бөлінген. Бұл нысан бойынша қайта жөндеу 2021 ж. тамыздан басталған. Бірінші мердігер «Базис Дорстрой» ЖШС. Шарттың орындамауына байланысты Құрылыс басқармасы 27.08.2022 ж. онымен шартты біржақты тәртіппен бұзған. 2022 жылдың 12 қыркүйегінде қайтадан мемлпекеттік сатып алу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша мердігер «КазЕвроСтрой» ЖШС болып белгіленеді.
Бізге түскен арыздардың негізінде 20.06.2024 ж. Астаны қ. Құрылыс басқармасының басшысы Т.Б. Құлұшев, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдерімен бірге жүргізіліп жатқан жұмысты қарап шықтық. Құрылыс нысанының дайындығы бүгінде 95%. Біз арызымызда жертөленің жағдайын көтерген едік. Жертөлені гидрооқшаулайтын болды. Сөйтіп, ай соңына дейін жабдықтарды жеткізу және жертөлені гидрооқшаулауға қатысты ескертулер бойынша түзету жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, – деп жазған Дархан Құлжамбеков.
Сондай-ақ, «Кирпичный» тұрғын алабындағы №12 мектептің құрылысы да назарға алынған. Мұнда да құрылыстың жүріп жатқанына 3 жылдан асқан. Мердігерлер ауысқан. Бүгінде «Гидропром» корпорациясы» ЖШС айналысып жатыр.
Осы құрылыс үшін мемлекеттен 3 884 591 теңге бөлінген. Ескеретін бір жай, бұл сыбайлас жемқорлықтан тәркілеген қаражат.
Мектеп құрылысына қатысты бізге түскен арыздар бойынша Құрылыс басқармасына және мердігерге кемшіліктер айтылды. Әсіресе, мектептің төбесіне қатысты кемшілік көп. Осы олқылықтарды тексеру үшін Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына хат жолдаймыз, – деп жазады қоғамдық белсенді.
Сөйтіп, қыркүйекте жаңа мектептің есігі ашылатын болды.