768 шақырымға асфальт төселіп, 40 көпір мен 6 өткел салынды
Талдықорған қаласы мен Өскемен қаласы аралығындағы «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» республикалық маңызы бар жол құрылыстан кейін пайдалануға берілді, деп хабарлады Көлік министрлігі.
Бұл жол еліміздің 3 өңірі – Жетісу, Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстырады.
Жолдағы құрылыс жұмыстарының барысын Көлік министрі Марат Қарабаев тексерді. Жалпы ұзындығы 768 шақырым болатын жолға толығымен асфальт төселді. Мамандар 40 көпір мен 6 өткел құрылысын аяқтады. Бірқатар учаске биыл жазда пайдалануға беріледі. Жоба аясында Қойлық, Балапан, Шынқожа елді мекендері мен Аягөз қаласының айналма жолдары салынды.
Жолдың 16 учаскесіне мыңға жуық маман мен 600 арнайы техника жұмылдырылған. Үшарал қаласының маңындағы көлік айрығындағы құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын.
Жалпы жолдың құрылысын толық аяқтап, халық игілігіне тапсыру 2024 жылдың соңына жоспарланған.