Маңғыстау облысында мұнай кәсіпорындарының 4 басшысы ұсталды
Прокуратура тексеру барысында миллиард теңгені жымқыру фактісін анықтады
Маңғыстау облысында мұнай кәсіпорындарының 4 басшысы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық прокуратура экономикалық тергеу департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп, мұнай-газ саласының 5 кәсіпорнында тексеру жүргізіп жатыр. Оның барысында «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-ның («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды адамдары тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеден астам сомаға техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін автобустарды қабылдағаны анықталды. Бұл ретте олардың құны 400 млн теңгеге жоғарылатылған.
Жұмыс істемейтін арнайы техника қызметтері үшін 110 млн теңге мөлшерінде ақша аудару фактілері анықталды.
Ал West Oil Software ЖШС-де («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС мердігерлік ұйымы) іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеу, компания басшылығының жақын туыстарын қоса алғанда негізсіз жалақы есептеу деректері анықталды.
Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру») бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың 4 басшылық лауазымдағы адамдары ұсталды.
Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде.
Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.