Ядролық физика институты – еліміздегі GMP сертификаты бар жалғыз ұйым
15 маусымда Ядролық физика институты Қырғыз Республикасына қатерлі ісік пен жүрек ауруларын диагностикалау үшін қолданылатын молибден-99/технеций-99 генераторын жеткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Генераторды Қырғыз Республикасына жеткізу Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастық аясында іске асқан. Өткен жылы Астанада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен АЭХА бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстан мен агенттік арасындағы 2023-2028 жылдарға арналған Елдік бағдарламаның негізіне қол қойған болатын. Бағдарлама 4 басым бағытты (атом энергетикасы инфрақұрылымы, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және ядролық медицина) айқындайды.
Ядролық физика институты – радиофармацевтикалық препараттарды өндіру процесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын GMP сертификаты бар Қазақстандағы жалғыз ұйым.
Қырғызстанға радиофармацевтикалық препараттарды жеткізу – денсаулық сақтау жүйесін нығайту және Қырғыз Республикасының тұрғындары үшін озық медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.