Келтірілген шығын – шамамен 700 мың теңге
Астанада білім орталығының ноутбуктерін алаяқтық жолмен иеленген күдікті анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының ПБ қызметкерлері елорданың алаяқтық жасаған 22 жастағы тұрғынын анықтады. Тергеу барысында жігіттің білім орталығынан 3 ноутбукты заңсыз иеленгені анықталды.
Жігіт менеджер болып жұмысқа орналасып, 4 айға жуық жұмыс істегеннен кейін сенімге кіріп, пайдалануға арналған құрал-жабдықтарды алып, кейін ол гаджеттерді ломбардқа тапсырған. Келтірілген шығын – шамамен 700 мың теңге. Қаражатты ол өз қалауы бойынша пайдаланған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.