Шымкентте полицейлерге 54 қызметтік көлік табыс етілді
Үш мектепте балаларға арналған кадет сыныбы ашылды
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері күні аталып өтті. Осы мерекеге орай, тәртіп сақшыларына 54 қызметтік көлік табыс етілді, деп хабарлады otyrar.kz.
Сонымен бірге қаладағы 3 мектепте балаларға арналған кадет сыныбы ашылып, полиция департаментінде ерлікпен қаза тапқан 35 қызметкердің есімі жазылған мемориалдың ашылу салтанаты өтті.
Балаларды полиция қызметіне дайындайтын сынып 3 мектепте ашылды. Бұл идея Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің бастамасымен, Ішкі істер министрі мен қала әкімінің қолдауымен Қазақстан полициясы мерекесіне орай қала мектептерінде алғаш рет іске асты.
Жас сақшы сыныптарына қызмет бабында қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан, батыр полицейлердің есімі берілді.
Одан кейін Шымкенттің полицейлеріне әкімдіктен учаскелік қызметке арналған автокөліктер табыс етілді. Бүгін салтанатты түрде 34 патрульдік көлік берілді.
Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың айтуынша, ертең полиция қызметкері боламыз деген балаларға білім саласының мамандары сабақ берсе, ал тәртіп сақшылары факультатив өткізеді.
Біз заңдарды, бұйрықтарды үйретеміз. Жеке құрам, басшылық бар, олар да сабақ береді. Ертең оқуға барғанда балалар бәрін біліп отырады. Бүгін 54 автокөлік тапсырылды. Бұның алдында 26 көлік берілген. Сөйтіп, 80 автокөлік болды. Енді 100 пайыз автокөлік бар. Бұл көлік дегеніміз – халыққа жақын болу, – деді қаланың бас полицейі.
Шымкентте қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Соңғы бір жылда мыңдаған қылмыс ашылды. Қылмыстың ашылуына 4 мыңнан астам ақылды камералар да үлес қосып келеді.