Қазанда өткен аударыспақтан 3-ші әлем чемпионатында ұлттық құрама спортшылары үздік атанды

Динара Амантай

Додаға 6 елдің спортшылары қатысты

Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

21-22 маусымда Татарстан Республикасының астанасы – Қазанда өткен ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұл чемпионатқа әлемнің 6 елінен 8 құрама команда қатысты. Атап айтқанда, Моңғолия, Татарстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан, Түрікменстан мен Қазақстаннан барлығы 45-ке жуық спортшы жүлделерді сарапқа салды.

Қазақстанның намысын Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Дарын Өткелбай, Алтай Сүйеубаев, Төлеби Қайыржанов, Арман Сағынбаев сынды спортшылар қорғады.

60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Азамат Серғазин, 80 келіде Дарын Өткелбай, 90 келі салмақ дәрежесі бойынша Алтай Сүйеубаев, 100-ден жоғары салмақта Арман Сағынбаев қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты.

Ал 70 келіде бақ сынаған Шыңғысхан Ержанов қола жүлде иеленсе, 100 келіде күрескен Төлеби Қайыржанов күміс жүлде еншіледі.

Бұл – «Ат үстіндегі күрес». Ертоқымсыз ат үстіндегі күрес әлем чемпионаты ретінде үшінші рет жалауын көтеріп жатыр. Ұлттық құрама жігіттері жалпы керемет көрсеткіш көрсете білді. Бұл, әрине, тұрақты дайындықтың арқасы. Барша қазақ елін жеңіспен құттықтаймын! – деді аударыспақ спортынан ұлттық құрама бапкері Жанбатыр Бекмұсаев.

Осылайша, 8 құраманың арасынан топ жарған Қазақстан 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленіп, командалық есеп бойынша 1-орын алды. Ал 2-орын Қырғызстанның, 3-орын Татарстанның ұлттық құрамасына бұйырды.

Еске сала кетсек, республикалық «Аударыспақ» федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.