Астана-Алматы күрежолының құрылыс сапасын кореялық компаниялар бақылауда
Жолдың жалпы ұзындығы – 946 шақырым
Орталық-Оңтүстік дәлізіне жататын республикалық маңызы бар Астана-Алматы күрежолының құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары аясында Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бұрылбайтал, Бұрылбайтал-Күрті және Шамалған станциясының айналма жолы жобалары іске асып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл жолдың жалпы ұзындығы – 946 шақырым.
Өткен аптаның соңынан бері Көлік министрі Марат Қарабаев құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жол учаскелерінің басында жүр. Министр құрылысқа жауапты мердігер ұйымдардың өкілдерімен де кездесті.
Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды. Компания инженерлері техникалық қадағалауды жүргізіп, үнемі құрылыс басында жүреді.
Көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитетінде атап өткендей, учаскелердің бір бөлігі жаздың ортасынан бастап қолданысқа берілсе, қалған бөлігі 2024 жылдың соңына дейін халық игілігіне тапсырылады.
Мәселен, жалпы ұзындығы 363 шақырым болатын Қарағанды-Балқаш күрежолының бойында айналма жолдар мүлде қалған жоқ. Жоба аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтуіне арналған 32 жол өтпесі, көлік айрығы және темір жол арқылы өтетін жол өтпесінің құрылысы толық аяқталды. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жолшылар асфальттың жоғарғы қабатын төсеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тосқауыл қоршауларын орнатып жатыр. Нысанды 2024 жылдың қазанында пайдалануға беру көзделген.
Былтыр мамандар Балқаш-Бұрылбайтал күрежолының жалпы ұзындығы 127 шақырым болатын 3 учаскесін пайдалануға тапсырды. Биыл қалған 3 учаске қолданысқа беріледі.
Жалпы ұзындығы 81 шақырым болатын Күрті-Бұрылбайтал жолы биыл жазда тапсырылады. Қазір мамандар жол бойында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар биыл жазда Шамалған бекетінің айналма жолы да қолданысқа берілмек.
Жоғарыда аталған жол учаскелері I-б техникалық санатына сәйкес, төрт жолақты болады.