Сергокалинск ауданының басшысы Магомед Омаровтың 2 ұлы мен жиені осы лаңкестік шабуылдың бел ортасында жүрген
Ресейдің Дағыстан Республикасы екі күннен бері қара жамылып отыр. Кеше қаруланған топ жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге қарай Махачкала мен Дербенттегі екі православ шіркеуі мен синагогаға шабуыл жасаған. Сағат 17:51-де полицияға атыс туралы хабар түскен. Сол кезде атыстан бір полицейдің ауыр жарақат алғаны туралы хабар жеткен.
Қолда бар мәліметке қарағанда, содырлар шіркеуге барып, дін қызметкері мен күзетшіні бауыздап кеткен. Содан кейін синагогаға барған. Оны өртеп жіберген. Осы кезде белгісіз қаруланған адамдар Махачкаладағы синогоганы да өртеген.
Полицияның хабарлауынша, Дербент қаласындағы атыста содырлар «Фольксваген Поло» автокөлігімен жүрген. Олар көліктен шығып, полицяиға оқ жаудырған. Махачкаладағы атыста да қарулы топ көлікпен жүріп, тәртіп сақшыларын нысанаға алған. Соның салдарынан 15 полицей қаза тауып, ІІМ-нің 22 қызметкері жараланған. Одан басқа, ажал құшқандардың арасында дін қызметкері де болған. Оның аты-жөні – Николай Котельников (Николай әкей).
Кейін Махачкалада шіркеуде 40-қа жуық адам тұтқында деген хабар шықты.
Дағыстанның Сергокалинск ауданының басшысы Магомед Омаровтың 2 ұлы мен жиенінің осы лаңкестік шабуылдың бел ортасында жүргені анықталды.
Магомед Омаров Путиннің «Единая Россия» партиясының мүшесі болған. Алайда осы оқиғадан соң партия сайтынан Омаров туралы деректер алынып тасталған.
Кеше көзі жойылған 4 лаңкестің екеуі осы Магомед Омаровтың ұлдары Осман мен Әділ, тағы біреуі інісі болып шықты. Омаровтың өзі қызметтен кету туралы өтініш жазып, соңынан оны РФ Тергеу комитеті тергеуге алып кетті. Үйіне тінту жасалады.
Алдын ала мәлімет бойынша, лаңкестер шабуылға америкалық Ar-15 мылтығын қолданған. Осыған байланысты Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев содырлардың Украина мен АҚШ-тың арнайы қызметімен байланысы болғанын айтып, атысқа Батыс елдерін кінәлады.
Бүгінгі Қырым (Осы кезде Қырымда бірнеше жарылыс болған, – ред.) мен Дағыстандағы оқиғаларға бірден-бір кінәлі – АҚШ. Америкалықтар Украинаға қару мен нұсқау беріп отыр. Олар тозақта жанатын болады, – деді ол.
Осыдан кейін Ресейдің басқа да лауазым иелері АҚШ пен Украинаны айыптап, кінәні осы елдердің мойнына артып қойды.
Бұл – біздің қоғамды іштен дүрліктіру үшін әдейі Украина мен НАТО елдерінің ұйымдастырған ісі, – деп мәлімдеме жасады Дағыстан Республикасының басшылығы.
Қазір Махачкаладан шығар жол жабылды. Жағдай қиын. Қалаларға бронды техникалар кіргізілген.
Дағыстан оттары (Дагестанские Огни, - ред.) қалашығы полиция басқармасының бастығы атыс кезінде қаза тапты. Ал содырлардан 5 адамның көзі жойылды. Оның үшеуі – жоғарыда атап өткеніміздей, Сергокалинск ауданының басшысы Магомед Омаровтың 2 ұлы мен жиені болса, біреуі – ММА-дағы жекпе-жек шебері, еркін күрестен халықаралық деңгейдегі спорт шебері Гаджимурат Кагиров. Ол 2021 жылы Хабиб Нурмагомедовтың Eagles клубы атынан октагонға шығып жүрген.
Ресей Тергеу комитеті «теракт» бабы бойынша іс қозғады.
Дағыстанда 24, 25, 26 маусым Аза тұту күндері болып жарияланды.
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы оқиғаға байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты. Қазақстан президенті құқық қорғау жүйесі арқылы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кеше Абхазия мен Ресей шекарасында да атыс болып, 1 адам қаза тауып, 3 адам жараланған.