Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді
2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді. Осылайша, бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 млрд текше метрге жетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағын секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 млн текше метр су жіберіледі деп келісті. Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болатын.
Осыған дейін Солтүстік Аралды оңтүстіктен бөліп тұрған Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталған-ды. Бөгет Солтүстік Аралда су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.
Бөгет пайдалануға берілгеннен бүгінге дейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 млрд текше метр су келді. Ал соңғы 7 жылда теңізге 13,3 млрд текше метр су түсті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралдың су көлемі азайды, алайда 2024 жылдың басынан бастап деңгейі қайта көтеріле бастады және бүгінде 21,4 млрд текше метрге жетті, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Айта кетсек, Сырдария өзені ағынының 75%-ы Қырғызстанда, 20%-ы Өзбекстанда және 5%-ы Қазақстанда қалыптасады.