Алматыда шетелдіктерді жұмысқа алған 65 қазақстандық айыппұл арқалады
Қалада жедел-алдын алу іс-шарасының үшінші кезеңі жүргізіліп жатыр
Алматыда шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан 65 қазақстандыққа айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы көші-қон қызметінің хабарлауынша, жұмысқа шетелдік жұмыс күшін тартудың белгіленген тәртібіне қарамастан, кейбір жеке және заңды тұлғалар оны елемей, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзып отыр.
Бұл күндері Алматыда жалпы қаладағы қылмыстық ахуалды жақсартуға бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының үшінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру мәселелері – басымдықта: заңсыз жүргендерді анықтау және заңсыз көші-қонды ұйымдастыру арналарының жолын кесу бойынша жергілікті рейдтер жүргізіліп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчинов.
Алматы қаласының полиция қызметкерлері кезекті рейд барысында, нысандардың бірінде қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзып, Қазақстанда жүрген 51 шетелдікті анықтады. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмағандықтан, ПД-ның қабылдап-тарату орталығына орналастырылған. Бұл нысанның басшысы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.