×

Әмір Зәкіров пен Әмір Маймұратов Олимпиадаға жолдама алды

Брейкинг, спорттық құзға өрмелеу, скейтбординг пен BMX-фристайлдан лицензия сарапқа салынды

 Дастан Жұмабекұлы 24.06.2024 | 09:46
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Мажарстанның Будапешт қаласында брейкинг, спорттық құзға өрмелеу, скейтбординг пен BMX-фристайлдан лицензиялық турнирдің екінші сериясы өз мәресіне жетті.

Жекелей сында брейкингтен ел намысын қорғаған Әмір Зәкіров финалда Нидерланд өкілі Ли Винске есе жіберіп (2:1), күміс медальмен Олимпиаданың жолдамасын жеңіп алды. Ал үшінші орынға Хонг Тен (Оңтүстік Корея) ие болды. Қазір екі іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша, Әмір Зәкіровтің еншісінде 71 ұпай бар. Ол бұған дейін Қытайдың Шанхай қаласында өткен турнирде 15-орынды иеленген болатын.

Сондай-ақ спорттық құзға өрмелеуден «жылдамдық» санатында өнер көрсеткен Әмір Маймұратов финалда қытайлық қарсыласынан (4.90 секунд) артта қалып, екінші орынмен қатар, Олимпиаданың лицензиясын алды. Тағы бір тәжірибелі отандасымыз Ришат Хайбуллин 6-орыннан көрінсе, әйелдер арасында Тамара Ұлжабаева 16-сатыға тұрақтады. Бұл бағдарламада 20 елден 64 спортшы бақ сынады.

Мен жарыста барлық қарсыласымды жеңіп, соңына келгенде сүріндім. Іштей өкініш бар. Алайда бұл мен алар жеңістің соңы емес. Алдағы уақытта жаттығуымды нықтап, көк туымызды желбіретемін. Олимпиададағы ең басты қарсыластарымның бірі – америкалық Самуэль Ватсон мен индонезиялық Веддрик Леонардо. Бірақ өзіме сенімдімін, қателігімді қайталамаймын, - деді Әмір Маймұратов.

Айта кетсек, құзға өрмелеу спорты Олимпиаданың бағдарламасына 2021 жылы ЖапонияныңТокио қаласында өткен Ойындарда енгізілген болатын.

Токио Олимпиадасында алғаш рет Ришат Хайбуллин жолдама алып, әлемнің 19 спортшысымен сынға түсті. Ол кезде тек ерлер және әйелдер көпсайыстан (3 жаттығудың қорытындысы) жүлдеге таласты.

Париж Олимпиадасында құзға өрмелеу спортының бағдарламасы өзгеріске ұшырап, медаль саны 4 жүлдеге көбейді.  

Боулдерингтен ерлер мен әйелдердің әрқайсысы 20 спортшыдан, жылдамдықтан жарысқа ерлер мен әйелдердің әрқайсысы 14 спортшыдан бақ сынайды.  

Әмір Маймұратов дәл осы жылдамдық сайысы бойынша үздік 14 спортшының қатарына еніп отыр. Ол 2012 жылы Иранда жылдамдықтан жастар арасында жалауы желбіреген Азия чемпионатын жеңіп алса, 2017 жылы Қытайда Азия кубогының иегері болды. Ал келесі жылы Таиландта Азия кубогының қола жүлдегері атанды.

Спортшыны Ринат Хайбуллин мен Клара Слуцкая жаттықтырады. Бұл екеуі Қазақстан атынан 1997 жылы алғаш рет Гималай экспедициясына қатысқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама