Halyq Uni логотип
×

Үкімет су саласындағы 16 негізгі жобаны анықтады

Оларға 500 млрд теңгеден аса қаржы бөлінбек

 Динара Амантай 24.06.2024 | 09:17
Үкімет су саласындағы 16 негізгі жобаны анықтады
Фото: gov.kz/ Су ресурстары және ирригация министрлігі

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров еліміздің су шаруашылығы жүйесін белсенді қалпына келтірудің басталғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Көктемде болған тасқын еліміздің су шаруашылығы жүйесі инфрақұрылымының дұрыс дамымағанын көрсетті. Біз 500 млрд теңгеден астам инвестицияны талап ететін 16 жобаны анықтадық, – деді вице-премьер.

Бұл инвестициялардың қаржыландыру көздері анықталған. Ислам даму банкі тарапынан жеңілдетілген қаржы тартылғалы отыр. Қаражат ұзақ мерзімге және өте төмен мөлшерлемемен беріледі. Бұл аталған салада қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Су шаруашылығы жүйесін жаңарту су қоймалары мен суару арналарын салуды, сондай-ақ қызметтердің техникалық инфрақұрылымын нығайтуды қамтитын болады.

Алдымен мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесіндегі техникалар мен құралдарды толық жаңартамыз. Су шаруашылығында «Қазсушар» жүйесін қажетті техникамен жабдықтаймыз, – деді Нұрлан Байбазаров.

Сондай-ақ ол «Жасыл даму» қаражаты орман және су шаруашылығы, төтенше жағдайлар жүйесі секілді техникамен жасақтауды және оларды жаңартуды қажет ететін салаларға бөлінгенін атап өтті. Бұл – 200 млрд теңгеден астам қаражат. Жобалар бүгінде іске асырылып жатыр. Техниканың бірінші партиясы биыл жеткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама