Армения Палестинаның тәуелсіздігін мойындады
Бұған дейін Норвегия, Испания мен Ирландия араб елінің азаттық жолындағы күресіне қолдау көрсеткен
Армения Республикасы Палестинаның тәуелсіздігін мойындады. Сөйтіп, Армения Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде таныған 142 мемлекет болды. Бұған дейін мамыр айында Норвегия, Испания Корольдіктері мен Ирландия Республикасы араб елінің азаттық жолындағы күресіне қолдау көрсетіп, оның тәуелсіздігін мойындаған болатын.
Енді Палестинаның тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше 193 елдің 142-і мойындады. Олардың арасында Қытай мен Ресей де бар. Ал Израиль, АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Германия және басқа да елдер араб елінің тәуелсіздігін мойындамай келеді.
Армения Сыртқы істер министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Газа секторындағы атысты дереу тоқтатуға шақыратын қарарына қосылатынын мәлімдеді.
Армения әрқашан Палестина мәселесін «екі мемлекет» қағидасы негізінде бейбіт және жан-жақты реттеуді жақтап келді. Біздің мемлекет Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға, еврей және араб халқы арасында ұзақмерзімді бейбітшілік орнатуға шын ниетпен мүдделі.
Армения Республикасы халықаралық құқықты, халықтардың теңдігі, егемендігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын ұстанатынын растайды және Палестина мемлекетін таниды, - делінген Армения СІМ мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде Газа секторындағы гуманитарлық жағдай мен әскери қақтығыстың халықаралық күн тәртібіндегі шешуді қажет ететін басты мәселелердің қатарында екені атап көрсетілді. Сонымен бірге онда Армения Республикасының қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық инфрақұрылымға шабуылдауға, бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылыққа үзілді-кесілді қарсы екенін айтылған.