«Еуро-2024» матчы кезінде қарулы топ «Алтын доп» иегерін тонап кетті
40 минутқа жуық уақыт өткеннен кейін ол отбасымен бірге бөлмеден сытылып шыққан
Атыс қаруымен жарақтанған италиялық қарақшылар Винченце провинциясында «Алтын доп» иегері және 1994 жылғы әлемнің вице-чемпионы Роберто Баджоның үйіне басып кірген.
Бейсенбі, яғни 20 маусымда 5 адамнан тұратын қарулы топ кешке Роберто Баджоның үйіне басып кіргенде Испания-Италия матчы болып жатқан. Оқиға барысында қаруланған адамның бірі өздеріне қарсыласқан Баджоның басынан тапаншамен ұрған. Бұдан кейін футболшыны өзінің отбасымен бірге бөлмеге қамап, қарақшылар үйдегі бағалы заттарды тонаған.
Арада 40 минутқа жуық уақыт өткеннен кейін Баджо өзінің отбасымен бірге бөлмеден сытылып шығады. Кейін ауруханаға жеткізіліп, оған арнайы көмек көрсетілді.
Қазір жергілікті құқық қорғау органдары қарақшыларды іздестіріп жатыр.
Айта кетейік, Роберто Баджо 1993 жылы «Алтын доп» иегері атанған. Спорт мансабы барысында шабуылшы «Венеция», «Фиорентина», «Болонья», «Брешия», «Интер», «Милан» және «Ювентус» сияқты клубтарда өнер көрсетіп, көптеген турнирде жеңімпаз болды.
Сондай-ақ ол Италия құрамасының сапында 27 гол салған. Әлем чемпионатының қола (1990), күміс (1994) медальдарын иеленген.