×

Тасқыннан зардап шеккендердің барлығы күн суытқанша жаңа үйге қоныстанады - Бектенов

Апат кезінде 120 мыңнан астам адам өз үйінен эвакуацияланды

 Динара Амантай 21.06.2024 | 13:39
Фото: t.me/KZgovernment

Парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ауқымды су тасқынының салдарын жою жөніндегі қалпына келтіру жұмыстары барысын баяндады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысы су тасқыны мыңдаған азаматқа, сондай-ақ инфрақұрылымға, экономикаға және жалпы елімізге айтарлықтай зиян келтіргенін атап өтті.

Көмек көрсету бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының үндеуіне жауап бере отырып, ірі бизнес елеулі қолдау көрсетіп, бюджеттік ресурстар да тартылды. Бүгінде 33 141 отбасы 100 АЕК көлемінде өтемақы алды. Осы мақсатқа бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, — деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, зардап шеккен 17 982 үй бойынша тексеру жүргізіліп, 15 685 үйді бағалау аяқталды. Үйлердің жартысына жуығы жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді. Осы мақсаттарға орай 5 823 отбасы өтемақы алды. Оған 38,6 млрд теңге бөлінді. 8 мыңнан астам үй апатты жағдайда деп танылды. Олар үшін залал пәтерлерді немесе үйлерді қайталама нарықта сатып алу немесе үй салу арқылы өтеледі.

Біз президенттің тапсырмасына сәйкес зардап шеккен азаматтардың талап-тілегін орындаймыз. Бүгінде 3 155 отбасы жаңа баспана алды. Түрлі өңірлерде 2 049 үйдің құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруге және салуға 251 млрд теңге бағытталды, — деді премьер-министр.

Сонымен қатар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға, жолдарға зиян келді. Атап айтқанда, 2,3 мыңнан астам энергиямен жабдықтау бағаны қирап, 54 шақырым желі үзілді. Бүгінде оның 40%-ы қалпына келтірілді. Жаз айларында жұмыс белсенді жалғасатын болады.

Республикалық және жергілікті жолдардың 290 учаскесінде автомобиль қатынасы үзілді. Бүгінде Атырау облысында бір учаскені қоспағанда, барлық учаскелер бойынша қозғалыс қалпына келтірілді. Аталған учаскедегі қозғалыс су кеткен кезде ашылады.

Сонымен қатар, 39 білім беру нысаны су астында қалды. Оның 18-і ағымдағы жөндеуді, 11-і күрделі жөндеуді қажет етеді, ал 9 білім беру нысаны одан әрі пайдалануға мүлде жарамсыз және жаңадан салынады. Бір білім беру нысанында әлі де тексеру рәсімі жүргізіліп жатыр.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, күн суытқанға дейін барлық азамат жаңа тұрғын үйге қоныстанып, барлық инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілетін болады, — деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама