Жүргізушілер 22 тонна дизель отынын ұрлады
Сотталушылардың жасаған әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жатады
Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотында бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқырды деп айыпталған 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, «К» ЖШС арнайы техникасының жүргізушілері – сотталушылар Д., С. және М алдын ала сөз байласып, өз ауысымдарында пломбаны бұзбастан жанармай багының қақпағын ашып, дизель отынын шланг арқылы канистрлерге құйып, шартты жерде жасырып, одан кейін сыбайласы Т.-ға жанармай канистрлері орналасқан жерді хабарлаған. Ол өз кезегінде жанар-жағармайды алып, Түркістан облысындағы ауылдардың біріндегі үйінде сақтаған. Артынша оны сол жерде сатып, ал алынған пайда өзара бөліске түскен.
Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері салдарынан жәбірленушіге жалпы көлемі 10 млн теңге материалдық залал келтірілді.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен және басқа да заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сотталушылардың жасаған әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жатады.
Сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуы және жасаған қылмыстық әрекеттері үшін шын жүректен өкінулері қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылды.
Сот Т.-ны ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімі 1,2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Д., С. және М. ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімі, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалып, ҚР ҚК-нің 44-бабы 2-бөліміне сәйкес бас бостандығын шектеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді, – делінген сот хабарламасында.