Halyq Uni логотип
×

ШҚО-да кен өндіруші компания суға ластаушы заттарды 83 мың есе артық тастаған

Мемлекеттік органдардан тұратын комиссия бұзушылықтарға қарамастан қабылдау актісіне қол қойған

 Динара Амантай 21.06.2024 | 10:58
ШҚО-да кен өндіруші компания суға ластаушы заттарды 83 мың есе артық тастаған
Фото: polisia.kz

ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру барысында бұрынғы Юбилейно-Снегирихинское кен орнының шахта суларының өздігінен ағуы салдарынан Малая Карагужиха өзенінің металдармен ластануы және Глубокое ауданындағы Снегириха тауының опырылуы анықталды.

«Востокцветмет» ЖШС кенішті жою технологиясын бұзуы салдарынан ауданы 15 мың шаршы метрден асатын тау жыныстары опырылған.

ШҚО экология департаментінің су сынамаларын зерттеулеріне сәйкес, суда құрамында ауыр металдардың (мырыш, кадмий, темір, марганец және тағы басқа) ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының нормативтері 83 мың есе асқан.

Анықталғандай, кенішті жою кезінде кәсіпорын жеке рекультивация жұмыстарын жүргізбеген, ал кеніш аумағы бастапқы қалпына келтірілмеген. Осыған қарамастан, уәкілетті мемлекеттік органдардан тұратын комиссия кен орнын жоюды қабылдау актісіне қол қойған.

ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы сотқа кенішті жою бойынша қабылдау актісінің күшін жою туралы талап арыз берді. Ол қанағаттандырылып, жоюды қабылдау жөніндегі комиссия актісі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Апелляциялық орган сот актісін күшінде қалдырды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазір прокуратура «Востокцветмет» ЖШС-ін заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту, сондай-ақ кеніштің тиісті жойылуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластану себептерін жою бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама