Өңірде 1,6 миллиард доллардың инвестициялық жобасы іске асырылмақ
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Даниэль Розенблум арасында ізеттілік жүздесу өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысы елшіге жаңадан құрылған облыста іске асырылып жатқан жобалар жайын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Облыс әкімі кездесу барысында 2027 жылға дейін металлургия, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын 27 инвестициялық жобаны іске қосудың жоспарда тұрғанын жеткізді.
Сонымен қатар өңір басшысы американдық инвестор Global Chemicals Industries демеуімен қуаттылығы жылына 200 мың тонна барит кенін өндіретін «Қаражал Оперейтинг» инвестициялық жобасының (құны – 13,3 млн доллар) сәтті іске асып жатқандығын да айтты.
Ізеттілік кездесуімізді оңтайлы пайдаланып, сіздердің кәсіпкерлерді біздің облысқа инвестор болуға шақырамыз. Бұндай қадамның өңірге өз септігін тигізіп қана қоймай, өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.