×

«Таза-Талас» басшылығы мемлекеттік мүлікті жымқырғаны үшін сотталды

Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды

 Динара Амантай 21.06.2024 | 09:35
Фото: Жамбыл обл. прокуратураның баспасөз қызметі

Талас ауданының прокуратурасы «Таза-Талас» ШЖҚ КММ-нің теңгерімінде тұрған автокөліктерді жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мекеме басшылығы жалған құжаттар негізінде сатылымға шығарусыз 4 автокөлікті үшінші тұлғаларға сатқан. Мемлекетке келтірілген залал мөлшері – 22 млн теңге.

Аталған дерек негізінде Талас ауданының прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен («Кінәліге сеніп тапсырылған бөтен мүлікті адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ipi мөлшерде талан-таражға салу») сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Қылмыстық іс облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасында тергелді.

Іс шеңберінде прокуратура құны 10 млн теңге болатын 2 автокөлікті қайтарып, мемлекет пайдасына 7 млн теңге өндірілді.

Талас аудандық сотының 2024 жылғы 13 маусымдағы үкімімен «Таза-Талас» мекемесінің директоры және оның орынбасарына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама