Елордада Тоқаев оқыған Қытай университетінің филиалы ашылады
Оны «Қытай БҰҰ-сы» деп атайды, - деді Саясат Нұрбек
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгін ОКҚ-да өткен брифингте президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқыған университет филиалының Астанада ашылатынын айтты.
Министрдің айтуынша, ҚХР төрағасының сапары аясында Қазақстанда Пекин Тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылады. Бұл – Қытайдың жетекші лингвистикалық, аударма, педагогикалық университеті.
Оны «Қытай БҰҰ-сы» деп атайды. Бұл университеттің бас түлегі – біздің президент Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол сол жерде Кеңес заманында қытай тілін үйренді. Ресми ашылу шілде айының басында болады. Бұл HSK-тің алғашқы сертификаттау орталығы болады. Ол – TOEFL немесе IELTS сияқты қытайлық сертификат. Қытай тілін үйренетіндер енді ешқайда бармай-ақ, Астанада тапсыруға болады, - деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ ол университет филиалының ЭКСПО аумағында жұмыс істейтінін атап өтті.