Сондай-ақ аудан әкімінің атына жеке ұйғарым шығарылды
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жергілікті тұрғынның талап-арызы бойынша ауыл округтерінің бірінің әкіміне қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, ауылдық округті кеңейту үшін әкімдік тұрғынның жер телімінің бір бөлігін алуға ықпал еткен. 2024 жылдың ақпанында жер иесі шығындарды өтеуге жазбаша өтініш берген. Алайда әкімдік ӘППК нормаларын бұза отырып, талап қоюшыға жер тіліміне заңды құжаттарды растау үшін жер қатынастары бөліміне және Жамбыл облысының мұрағатына жүгінуді ұсынған.
Бұл жауаппен келіспей, талап қоюшы ӘППК-нің 91-бабы 4-тармағының тәртібімен аудан әкіміне арызданған. Ал ол арызды қанағаттандырусыз қалдырған. Талап қоюшы сотқа әкімшілік іс жүргізу тәртібін бұза отырып, көрсетілген әрекеттерді заңсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінді.
Сот іс материалдарын зерделеп, жауапкер ӘППК-нің 72-бабы нормаларын бұзып, талап қоюшының өтінішін мәні бойынша қарамағанын анықтады. Сот жауапкердің іс-әрекетін заңсыз деп танып, талап арызды қанағаттандырып, әкімді талап қоюшының өтінішін заң талаптарына сәйкес қарауға және дәлелді жауап беруге міндеттеді, – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ аудан әкімінің атына анықталған құқықбұзушылықтар туралы жеке ұйғарым шығарылды.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.