Қазақстан Паралимпиадаға тағы бір жолдама алды
Зульфия Габидуллина бұған дейін де Ойындардың чемпионы атанған
Пара жүзуден Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллина XVII жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама алды.
Зульфия Габидуллина 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Ойындарда чемпион атанған еді. Енді міне, спортшы ел тарихында төртінші рет Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын болады.
Бұл – еліміздің Паралимпиада ойындарына 14-лицензиясы. Бұған дейін жолдаманы пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара таеквондодан Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова, Нышан Өмірәлі, пара каноэдан Спатай Бибарыс пен Жаныл Балтабаева, пара үстел теннисінен Али Махулбеков пен пара жүзуден құрама үш жолдама алған болатын.
Айта кетсек, XVII жазғы Паралимпиада ойындары тамыздың 28-і мен қыркүйектің 8-і аралығында Парижде өтеді.
Жарыс спорттың 23 түрінен ұйымдастырылады. Лицензиялық жарыстар әлі жалғасып жатыр.