×

Алматыда тағы бір кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді

Рухани орда Абай даңғылындағы №141 ғимаратта орналасқан

 Дастан Жұмабекұлы 20.06.2024 | 09:55
Фото: almaty.tv

Алматыда тағы бір кітапхана тәулік бойы жұмыс істейтін болды. Қазір қала әкімдігі кітапханалар тәжірибесін белсенді түрде енгізіп отыр. Бұл туралы Аlmaty.tv хабарлады.

Алматының екі кітапханасы – Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен Alatau Creative Hub орталығының кітапханасы 2023 жылғы қыркүйек айынан бері (2023-2024 оқу жылы) оқырмандарды тәулік бойы қабылдап келеді. Алматының мәдениет басқармасы бұл әдістеменің оқушылар, студенттер, магистранттар, сондай-ақ докторанттар арасында үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті. Осыған байланысты мегаполисте Абай даңғылындағы №141 ғимаратта орналасқан тағы бір кітапхана енді 24/7 режимінде жұмыс істейді.

Қазір Алматыда 3 кітапхана оқырмандарды 24 сағат бойы қабылдайды. Кез келген адам өзіне ыңғайлы уақытта келе алады. Жаңа жұмыс форматы енгізілген соң келушілер саны да артты. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылғы қыркүйек айынан бері Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасына 27 650 адам келсе, Alatau Creative Hub орталығының кітапханасы 28 мың оқырманға қызмет көрсеткен.  Жалпы алматылықтар кітап оқығанды жақсы көреді.  Тек қалалық кітапханалардағы көрсеткіштерге тоқталсақ, оқырмандар жыл сайын кемінде 3 миллион рет келіп-кетеді, – деп хабарлады Алматы қаласының мәдениет басқармасы.

Бүгінде Алматыда 28 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Олардың 95 пайызы жаңарған. Материалдық-техникалық база мен кітап қоры жаңартылып, жайлы оқу залдары мен интернет-залдар пайда болды. Сондай-ақ Алматы кітапханашылары оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алғаш рет Оңтүстік Корея, Германия және Швейцариядағы үздік кітапханаларда тағылымдамадан өтіп келді.

Еске сала кетсек, былтыр маусым айында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін кітапханалар құру туралы бастама көтерген болатын. Алматы қаласының әкімдігі осы жұмысты қолға алып, кітапхананың қызметін көпшілікке тәулік бойы ұсынып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама