Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді
Президент дипломатиялық арналар арқылы ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бергенін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Елімізде заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада алдымен заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді президент.
Айта кетсек, кеше Киевте қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықовқа оқ атылған болатын. Оқиға туралы Украина Ұлттық полициясының баспасөз қызметі хабарлаған. Олардың айтуынша, Киев полициясының 102 нөміріне В. Ярмола көшесінде (Шевченко ауданы) атыс естілгені туралы хабарлама түскен. Тәртіп сақшылары көшеде тоқтап тұрған көлікке белгісіз біреудің жақындап келіп, оқ жаудырғанын, содан кейін оның қашып кеткенін анықтаған.
Көлікте қазақстандық журналист пен әйелі отырған. Әйелдің зардап шекпегені айтылады.
Украина Бас прокуратурасы ауруханада жатқан белсендінің жағдайы ауыр екендігін мәлімдеді.