Марқұмның қызы анасының өлімі туралы БАҚ өкілдеріне ақпарат беруден бас тартып отыр
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяның Ансан қаласына жұмыс істеуге барған 53 жастағы қазақстандық әйелдің қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
1 маусымда «Корея көмек» қайырымдылық қорының әкімшісі Самат Ахметов Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге кеткен атыраулық әйелдің қайтыс болғанын хабарлаған еді. Н.Н есімді әйел Оңтүстік Кореяға қайтыс боларынан бір апта бұрын барған. Марқұм косметика шығаратын зауытта жұмыс істеген.
Виза алып, заңды түрде барған азамат. Неден қайтыс болғанын білмейміз. Қызы бар. Марқұмның қызы баспасөзге шыққанын қаламайды. Басқа мәлімет бере алмаймын, - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Еске сала кетейік, бұған дейін сәуір айында Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында пәтерден 39 жастағы Қазақстан азаматының мәйіті табылған еді. Батыр Оспанов табыс табу мақсатында Корея республикасына осыдан 4 жыл бұрын кеткен.