Halyq Uni логотип
×

Алматыда «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

Іс-шара барысында «Бірлік ордасы» мобильді-интерактивті экспозициясы көрсетілді

 Динара Амантай 19.06.2024 | 09:50
Алматыда «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алматыда «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиынға қатысу үшін республикалық маңызы бар қалаға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан жас патриоттар командалары келді. Сайыста 14-17 жас аралығындағы барлығы 750 ұл-қыз бағын сынап жатыр.

Әскери-патриоттық жиын Кеңес Одағының батыры, №1 Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Жиынның салтанатты ашылуы көрнекті әскери қолбасшының есімімен аталатын Құрлық әскерлерінің әскери институтында өтті.

Іс-шара Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Халық қаһарманының қызы Айсұлу Нұрмағамбетова және шетелдік делегациялардың өкілдері Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы орталық әскери оркестрінің салтанатты әуенімен даңқты майдангерді еске алды.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жас патриоттарына жолдауын Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов оқыды. Онда жиынның әскери қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік, өзара көмек пен ұйымшылдық жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің кепілі екені айтылған.

Кез келген елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан сендерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сендер адал және еңбекқор, ақылды әрі батыл, Отанымыздың лайықты азаматтары және нағыз патриоттары болуларың керек. Барлығың жиынға мұқият дайындалып, жеңіске жетем деген ниетпен келдіңдер. Мұндай жарысқа қатысудың өзі – әрқайсың үшін маңызды жетістік және есте қаларлық оқиға, – делінген жолдауда.

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов халықтар арасындағы бұрыннан келе жатқан берік байланыстың қашанда өзара сенім мен қолдауға негізделген достық қарым-қатынаста болғанын атап өтті.

Қаншама сыннан өтсек те біз ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, құндылықтары мен мәдени-рухани мұраларын сақтай алдық. Бүгінгі халықаралық әскери-патриоттық жиын – халықтар арасындағы достық пен көрші елдермен татулыққа деген ұмтылыстың жарқын дәлелі, – деп атап өтті ол.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов жиынға қатысушыларға өз күштеріне сеніп, мақсатқа жетуде табандылық танытуды тіледі.

Олар үшін каскадерлер шоуы, батырлар биі, «Жаса, Сағадат» музыкалық нөмірі, Орталық әскери оркестр мен Құрмет қарауыл ротасының дефилесі бар мерекелік бағдарлама дайындалды.

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған «Халық жүрегіндегі қаһарман» экспозициясы туралы ҚР Қарулы күштері Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Алматы филиалының бастығы Алуа Байқадамова айтып берді.

Іс-шарада Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Генерал С.Қ. Нұрмағамбетовтің әскери мұрасы және оның қазіргі заманғы маңызы» атты жаңа кітапты таныстырды. Ол 1-ші Түркістан пулеметшілер әскери училищесінің курсантынан армия генералына дейінгі жауынгерлік жолды жүріп өткен соғыс батырының тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Сол бір қиын уақыттардағы оның жауынгерлік тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі мен Отанға мінсіз қызмет етудегі өнегесі Қарулы күштерді құру мен дербес дамытудың кепілі болды. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылған, – деді Руслан Жақсылықов.

Іс-шара барысында «Бірлік ордасы» мобильді-интерактивті экспозициясы көрсетілді. Онда жиынға қатысушы елдер мәдениетінің, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ерекшеліктерімен танысуға болады. Сонымен қатар «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы, майор Мейірбек Меңдіғалиев «Сағадат» коворкинг-аймағын таныстырды.

Жиынның бұрнағы жылдардағы жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен болған кездесуде «Жас сарбаз» қозғалысының қазіргі тәрбиеленушілері олардың өмір жолы қалай өрілгенін естіп білді. Бүгінде олардың көпшілігі еліміздің әскери оқу орындарын бітіріп үлгерсе, енді бірі – курсант.

Жиынның салтанатты ашылуына дейін «Әли» оқу-жаттығу орталығында ұлттық спорт түрлерінен, АК-74-ті толық бөлшектеу мен құрастырудан бірқатар жарыс ұйымдастырылды. Оған қоса жас өнертапқыштар арасында Smart Sarbaz байқауы мен «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны өтті.

Жарыстар жалғасып жатыр. Бұл апта қарқынды болмақ. Әскери техниканың, жабдықтардың, спорттық жабдықтардың көрмесі, клубтардың қызметі туралы стендтердің бәрін 18-22 маусым аралығында Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығынан көруге болады. Сондай-ақ концерттер, дәрістер, спорттық ойындар, от жағу кештері және Халық қаһарманы туралы фильмдер көрсету жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама