Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны салдарын жою өңірлерде қалай жүріп жатыр

Вице-премьер тұрғын үйлерді тапсыру мерзімдерін созып алмауды тапсырды

 Динара Амантай 19.06.2024 | 09:16
Су тасқыны салдарын жою өңірлерде қалай жүріп жатыр
Фото: Мейірбек Тажқұранов

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тұрғын үй қорын, әлеуметтік нысандарды, жол және инженерлік инфрақұрылымды, электр энергетика, байланыс, шағын және орта бизнес нысандарын қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеңеске бейінді министрліктердің өкілдері, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері қатысты.

Ақмола облысында бүгінде 273 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Атбасар қаласында көппәтерлі үйлер салынып, оған қазанда 165 отбасы қоныстануды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен үш ауданда 108 жеке үй салынып жатыр. 143 отбасы үшін тұрғын үй сатып алынды. Рәсімдеу сатысында тағы 45 пәтер бар. Облыста екі мектеп пен балабақша қалпына келтіріліп жатыр.

Ақтөбе облысында барлық зардап шеккен үйлерге бағалау жүргізілді, 1 840 үй бойынша залал өтелді. 250 үй сатып алынып, тағы 88-і бір апта ішінде сатып алынады. Өңірде 22 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру қажет. Екі мектеп пен үш балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жол инфрақұрылымы мен көпірлер қалпына келтіріліп, алдағы уақытта 76 ШОБ субъектісіне көмек көрсету қажет.

Атырау облысында зардап шеккен 2 663 үйдің 2 599-ы бойынша залалды өтеуге шарттар жасалған. 69 ШОБ субъектісіне көмек көрсетілді. Зардап шеккен малға келтірілген залал толығымен өтелді. Инженерлік инфрақұрылым бойынша проблемалар жойылып, жолдар жөнделіп жатыр. Үш мектеп қалпына келтіріліп, тағы бір мектеп қайта салынады.

Батыс Қазақстан облысында 13 әлеуметтік нысан жөнделіп жатыр. Жолдар мен көпірлер қалпына келтіріліп, 570 саяжай үйін зерттеу жалғасады.

Қостанай облысында барлығы 468 үй жөндеуге жатпайды. 153 жаңа үй салынып, қалған зардап шеккендерге бір апта ішінде тұрғын үй сатып алынады. Арқалық қаласында 50 пәтерлі үй салынып жатыр. Осылайша, тұрғын үй қоры бойынша барлық жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Инженерлік және жол инфрақұрылымы жөнделіп, айналма бөгет салынып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан 165 ШОБ субъектісі зардап шекті. Залалды өтеуге өтінімдер қабылданып жатыр. 620 үйдің құрылысы басталды. 100 үй беріліп, 391 отбасыға пәтер сатып алып берген. Петропавлдағы жолдар мен сорғы станциясының жөндеуі басталды.

Есептерді тыңдағаннан кейін Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарын жою қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Вице-премьер Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне зардап шеккендерге тұрғын үй тапсыру мерзімдерін созып жүріп алмау керектігін ескертті. Мектептер мен балабақшаларды оқу жылының басында пайдалануға беру де ерекше бақылауда.

Әкімдіктер қалпына келтіру қарқыны бойынша есептерді күнделікті негізде тапсыруға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама