×

Үкіметте көлік және қаржы саласындағы мамандарды даярлау мәселесі талқыланды

Салалық кеңестер әзірлеген стандарттар негізінде ЖОО мен колледждердегі білім беру бағдарламалары түзетіледі

 Динара Амантай 19.06.2024 | 09:09
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Ұлттық кәсіптік біліктілік кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиын аясында салалық біліктілік жүйелерін дамыту, кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жөніндегі шаралар мен жоспарлар қаралды.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір орталық мемлекеттік органдар жанынан салалық кеңестер құрылып, оған сарапшылар, оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер тартылған. Олардың әзірлеген кәсіби стандарттары негізінде жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру бағдарламалары түзетіледі. Бұл ретте түлектердің құзыреттерін тәуелсіз сертификаттау орталықтары бағалайды. Осылайша, еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетін сапалы кадр даярлау процесі жетілдіріліп жатыр.

Отырыс барысында көлік және қаржы министрліктерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары қаралды.

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ведомство жанынан 6 салалық кеңес жұмыс істейтінін хабарлады. Олар теміржол, су, автомобиль көлігі және жолдар, сондай-ақ азаматтық авиация салаларын қамтиды. Кеңес қазірдің өзінде 711 кәсіпті қамтитын 101 кәсіби стандартты әзірлеген. Биыл тағы жаңадан 19-ын әзірлеп, 31-ін өзектендіру жоспарланып отыр.

Көлік министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін аталған салаларға 8,8 мыңға жуық маман қажет болады. Қазір кадрлар 49 жоғары оқу орнында және 280-нен астам колледжде даярланып жатыр. Вице-министр оқу орындарының саны көп көрінгенмен, кей мамандық бойынша, мысалы, көпірлер мен теміржолдар құрлысы бойынша оқитын студенттер аз екенін атап өтті. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, гранттарды қайта бөлу мәселесі қаралып жатыр.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мәліметінше, жетекшілік ететін салада бухгалтер мамандығы бойынша бір кәсіби стандарт пайдаланылады. Оны озық жоғары оқу орындарының білім бағдарламалары бойынша өзектендіру көзделіп отыр. Бұл реттер АССА (Association of chartered certified accountants) халықаралық біліктілігі бойынша студенттерді оқыту және сертификаттау мәселесі қарастырылып жатыр. Осылайша, диплом алған және өз біліктілігін растаған түлектерді жұмысқа орналастыру процесін жеңілдету жоспарланған.

Сертификаттың тәуелсіз орталықтар тарапынан берілуі маңызды. Ол бойынша жұмыс берушінің маман біліктілігіне қатысты пікірі қалыптасады. Оқу орнының имиджі де осыған тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, біз осы немесе басқа мамандықты игеріп жатқан азаматты сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауымыз керек, - деді Тамара Дүйсенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама