«Каспий теңізі арқылы интернет тартылады». Мусин жобаның қалай іске асып жатқанын айтты
Бастамаға Қазақстан мен Әзербайжан жауапты
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы қалай іске асып жатқанын айтып берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жобаны іске асыру үшін «Қазақтелеком» мен «Әзіртелеком» арасында бірлескен кәсіпорын құрылған.
Қос елдің байланыс операторларының инвестициясы 23 млрд теңгеден асады. Бүгінде су астындағы ТОБЖ-ды (талшықты оптикалық байланыс желісі) жобалау және төсеу үшін мердігерді таңдау бойынша тендер аяқталуға жақын, - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Бағдат Мусин бүгінде Каспий теңізі арқылы Ақтау-Сумгаит бағытында суасты талшықты-оптикалық желіні салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Оның ұзындығы шамамен 370 шақырым болады. Нақты ұзындығы теңізде жобалау-іздестіру жұмысы нәтижесінде анықталады. Кем дегенде 32 оптикалық талшық салу (бұл 16 оптикалық жұп) жоспарланған. Желінің максималды өткізу қабілеті – секундына 400 терабитке дейін, - деді басқарма төрағасы.
Суасты талшықты-оптикалық желісі төмендегі мақсатта тартылады:
- Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін интернетке қосылудың жаңа бағыты;
- Қытай – Еуропа, Орталық Азия – Еуропа, Қазақстан – Еуропа халықаралық транзитіне арналған маршрут.
Жобада кабельдің 2 түрі пайдаланылады:
- Қосарлы брондалған кабель (DA – Double Armoured);
- Бір рет брондалған кабель (SA – Single Armoured).
Кабельді Қытайдағы зауыттан Каспий теңізіне жеткізудің 2 бағытын қарастырылған:
- 1-бағыт: Қытай – Түркия – Қара теңіз – Волгодон каналы – Ақтау. Бұл бағытқа шамамен 98 күн қажет;
- 2-бағыт: Қытай – Еуропа – Ресей – Еділ өзені - Ақтау. Бұл бағытқа шамамен 100 күн қажет.
Кабельді Қытайдағы зауыттан Каспий теңізіне автожолдар арқылы жеткізуге мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы трал керек. Кабельдің жалпы салмағы шамамен 1100 тонна, оны 4 корзинаға бөлу керек. Әрбір корзинаның салмағы – шамамен 230-295 тонна. Сондықтан барлығы 4 бөлек трал керек. Корзинаның өлшемдері: ені – 5-6 метр, ұзындығы – 14 метр, биіктігі – 4 метр.
Рұқсат құжаттарын алуды санағанда автожол арқылы жеткізу шамамен 150 күнді алады. «ҚазАвтоЖол» және «ҚазДорНИИ» мекемелерімен дайындық жұмыстарын бастыдық. Автожол арқылы жеткізу үшін арнайы рұқсат алу керек», - деді Бағдат Мусин.
Басқарма төрағасы жобаның қазақстандық бөлігі бойынша дайындық жұмыстары басталғанын атап өтті:
- Ақтау қаласында кабельдің жағаға кіретін арнайы жері – жағалау құдығын салу қажет. «Қазақтелеком» және Маңғыстау облысының әкімдігі 6 орынды анықтады. Нақты орын іздестіру жұмыстары нәтижесінде белгілі болады.
- Жағалау станциясы үшін инфрақұрылым дайындау басталды:
- «Қазақтелекомның» қазіргі ғимаратын тандадық.
- «Инженерлік инфрақұрылым» - гермозона, дизель-генераторлар, трансформаторлық станциялар, климатехника жабдығы, аккумуляторлық батареялар, электр қуат көздері зерттелді.
3.«Госэкспертиза» мекемесімен бірлесіп, мемлекеттік сараптама мәселесін қарастырдық.
Жобаның негізгі кезеңдері төмендегідей:
- «Қазақтелеком» мен «Әзертелеком» арасында бірлескен кәсіпорын құрылды – Caspinet B.V.;
- «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінде жобаның бизнес-жоспары бекітілді;
- Биыл 15 қаңтарда EPC-подрядчикті таңдау бойынша техникалық консультантпен келісімшартқа қол қойылды;
- Биыл 19 наурызда техникалық консультантпен бірлесіп тендерлік құжаттама бекітілді;
- Биыл 19 наурызда EPC-подрядчикті таңдау бойынша тендер басталды.
- Биыл 24 мамырда тендердің 1-кезеңі аяқталды.
- Қазір тендердің 2-кезеңі өтіп жатыр.
Жоба техникалық және ұйымдастыру шаралары күрделі саналады. Кабельді жеткізу, теңізде іздестіру жұмыстарын істеу, кабельді салу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан рұқсат құжаттарын алу керек. Рұқсат алу жұмыстары бойынша көмек пен қолдау керек, - деді Бағдат Мусин.