Антикор еріктілері 7 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол бермеді
СЖҚА-да 2,7 мыңнан аса волонтер жұмыс істеп жатыр
Жемқорлыққа қарсы еріктілер 7 млрд теңгеден астам қаражаттың негізсіз жұмсалуының алдын алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Былтыр тамызда іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы өз қатарына 2,7 мыңнан астам белсендіні біріктірген. Солардың арқасында 7 млрд теңгеден астам сомаға тауарлар мен қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алуға жол берілмеді.
Мысалы, жемқорлыққа қарсы еріктілер Орал қаласы әкімдігінің 45 млн теңгеге бейнеконференцбайланыс жабдығын сатып алуын тоқтатты. Себебі ұқсас жабдықтың нарықтық құны – шамамен 4 млн теңге.
Шымкенттік еріктілер білім басқармасымен және бірнеше мектептермен жетім балаларға арналған жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша сатып алуды қайталау фактісін анықтады. Уақтылы ден қою нәтижесінде бюджеттен 78 млн теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Түркістанда еріктілер жылу энергиясын есептеу кезінде тарифтерді негізсіз көтеру фактісін анықтады. Көпқабатты тұрғын үйлерде есептеу құралдары орнатылғанына қарамастан, есептеу шаршы метрмен жүргізілген. Бұл жылыту құнының өсуіне әкеп соқты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 32 көпқабатты тұрғын үйдің 2 мыңнан астам тұрғыны үшін шамамен 13 млн теңгеге қайта есептеу жүргізілді.
Елордада еріктілер «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша берілген 30 пәтердің жағдайын тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша мердігерлер радиаторлар мен электр розеткаларының болмауы, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс-монтаж жұмыстары және басқа да ақаулар сияқты көптеген кемшілікті жойды.