Түркістан облысында цифрландыру саласындағы шенеуніктер сотталды
Олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы М. Мырзасейітовке, осы басқарманың бөлім басшысы А. Жолсейітовке және кәсіпкер Э. Ысқақовқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Антикордың мәліметінше, 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңде мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою үшін 14,6 млн теңге көлемінде бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар Жолсейітов пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылған.
Жолсейітовтің Төлеби ауданы цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды азаматтарға беру сылтауымен Ысқақовтың 903 мың теңге көлеміндегі қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды.
Аталған үкіммен Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы А. Мәулен конкурстың жеңімпазын анықтағаны және ауданның ауылдық округтеріне IT-қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасағаны үшін Ысқақовтан 5 млн теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Мырзасейітовке 8 жыл, Ысқақовқа 7 жыл, Жолсейітовке 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге аталған адамдар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды, – делінген Антикор хабарламасында.
Сот Мәуленнің өліміне байланысты оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Үкімді жариялау облыстық цифрландыру басқармасы ұжымының қатысуымен өтті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.