×

Білім деңгейі төмен сотталғандар қылмысты қайта жасауы мүмкін – Артур Ластаев

Оларға жоғары білім алуға жағдай жасалуға тиіс

 Дәурен Ерболат 17.06.2024 | 17:56
Фото: Адам құқықы жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі

Бүгінде білім деңгейі төмен сотталғандар қылмысты қайта жасауы мүмкін. Бұл туралы Адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Омбудсмен сотталғандардың білім деңгейі мен түрмеден босағаннан кейінгі өмір сүру сапасына зерттеу жүргізген. Жиналған деректерге сәйкес, сотталғандар жұмыс істейді, бірақ табысы төмен әрі жоғары білімі жоқ. Сондай-ақ олардың көбі үйленбеген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша сотталған 28 500 адамның 6%-ының орта білімі жоқ, 59%-ының орта білімді, ал 23,5%-ының арнаулы орта білімі болса, тек 11%-ының жоғары білімі бар.

Адам құқығы жөніндегі уәкілдің айтуынша, мәліметтерді талдау барысында жоғары білімі жоқ сотталғандардың қылмысты қайталау ықтималдығы жоғары екені анықталған. Қылмысты қайта жасаудың басты себебінің бірі – білім деңгейінің төмен болуы.

2023 жылы бас бостандығынан айырылған 3 939 сотталушының жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығы шектелді. Олар пробациялық бақылауға алынған.

Сонымен қатар түрмеден жазасын өтеп шыққан, білімі мен мамандығы жоқ сотталғандар жұмыссыздар қатарын көбейтіп жатыр. Содан кейін олар пайда іздеп, қайта қылмысқа барады.

Сондықтан омбудсмен сотталғандарға жоғары білім беру маңызды деген ұстанымда. Себебі, бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, қылмыстың қайталануын болдырмауға ықпал етеді.

Балалардың кәсіптік немесе жоғары білімінің болмауы олардың болашағына және қоғамдағы өмірге бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін. Жұмыстың болмауы, табыстың аздығы адам өмірінің барлық саласына айтарлықтай ықпал етеді. Сондай-ақ балалық шақта жасалған қылмыс оның қайталануына алып келеді, - деді Артур Ластаев.

Биыл наурызда уәкіл Үкіметке сотталғандардың білім беру бағдарламаларына қолжетімділігін кеңейту мәселесін қарау туралы ұсыныс енгізді.

Бүгінде сотталғандарға Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып, университетке түсуге мүмкіндік беретін жүйелі тәжірибе жоқ. Олардың тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беретін конституциялық құқығы іс жүзінде іске аспай отыр.

Алайда 2023 жылы сотталғандарға алғаш рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігі берілді. Бұл қауіпсіздігі орташа мекемелердің бірінде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмағандардың өтінішінен кейін іске асты. Түзеу мекемелеріндегі жасөспірімдер орта білім туралы аттестат алады. Бірақ ҰБТ-ға қатысып, білім грантына ие бола алмайды.

Былтыр жазда түзеу мекемесінің 3 оқушысы ҰБТ-ға қатысып, шекті балды жинады. Бүгінде қылмыстық атқару жүйесінде 90-ға жуық білім беру мекемесі жұмыс істейді: 46 орта мектеп, 44 кәсіптік-техникалық колледж.

Биыл Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы мен Алматы облысындағы 2 мекемеде сотталғандарды қоғамнан оқшауланған жағдайда жоғары біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін пилоттық жобаны іске асырып жатыр.

Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге онлайн оқуға мүмкіндік берілмек. Осы тұста «Неге жоғары білім керек?» деген сауал туындайды. Сотталғандар кәсіптік колледжді бітіргеннен кейін мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Бірақ олардың айтуынша, болашақта куәлік жұмысқа тұруға мүмкіндік бермейді. Себебі, жұмыс берушілер диплом талап етеді.

Уәкіл кәсіптік және жоғары білім алу сотталғандарға ортаға бейімделіп, болашақта дұрыс жолға түсуіне ықпал етеді деген сенімде.

Қазір сотталғандардың тек орта және техникалық білім алуға мүмкіндігі бар. Нарық жастарды сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге талап етеді. Білімнің болуы сотталғандарды еңбек етуге ынталандырып, жазаны жеңілдетуді қараған кезде негізгі өлшемнің бірі саналады және залал мен сот шығындарын өтеу туралы талаптарды уақтылы орындауға мүмкіндік береді, - деді омбудсмен. 

Айта кетейік, биыл 566 сотталушы орта мектепті бітіреді, оның 12-сі кәмелетке толмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама