Жамбыл облысында «Қазсушар» филиалының жұмысында көптеген кемшілік анықталды
Ішкі аудит департаменті жоспардан тыс тексеріс жүргізеді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство су ресурстарын басқарудағы құқықбұзушылықтарға, судың «қара нарығы» мен су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы күресті бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына жоспардан тыс тексеріс жүргізеді. Министрдің тапсырмасы бойынша кешенді аудит Жамбыл облысынан басталды.
Оның нәтижесінде келісімшарт жасау және су ресурстарын басқару бойынша мынадай құқықбұзушылықтар анықталды:
- Аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталды. Мәселен, Жамбыл ауданында филиалмен келісімшартқа отырмай, 70 гектарға жуық алқапты суару үшін су сорғысын орнату арқылы су алудың 2 фактісі тіркелді. Шу ауданында да 90 гектарға жуық жерді суару үшін суды заңсыз пайдаланудың 2 оқиғасы анықталды.
- Сондай-ақ Шу ауданында бұрынғы құм карьерін толтыру үшін Тасөткел магистральдық каналынан суды заңсыз пайдаланғандар анықталды. Суару маусымында карьерге заңсыз жиналған судың көлемі кемінде 15 млн текше метр, бұл – шамамен 13 млн теңге. Тексеріс кезінде 5 су сорғысы орнатылғаны белгілі болды.
- Бұдан бөлек, Шу ауданында суармалы су беру жөніндегі келісімшарттарда филиал берілетін су көлемін жасанды түрде азайтып көрсеткені белгілі болды. Мысалы, өткен жылы филиал мен шаруа қожалығы арасында 200 гектар алқапта пияз өсіру үшін арналар арқылы 2,7 млн текше метр су беруге келісімшарт жасалған. Алайда, бекітілген үлестік нормаға сүйенсек, 200 гектар пияз алқабын суару үшін 3,1 млн текше метр су қажет. Осылайша, филиал су шығынын 0,4 млн текше метрге аз көрсеткен. Салдарынан, тек 2023 жылы 25 млн текше метрден астам су көлемі азайтылған. Өз кезегінде каналдарға берілген су мен шаруаларға жеткізілген су арасындағы айырмашылық шығын ретінде көрсетілген.
- Сондай-ақ, былтыр Жамбыл ауданында филиалмен жасалған келісімшарттарда дақылдар бойынша су тұтынудың үлестік нормалары асыра көрсетілген.
- Филиал мен шаруа қожалықтары арасында арналар арқылы су беру жөнінде жасалған келісімшарттардың кейбірінде жер учаскелеріне заңды иелік ететінін айғақтайтын құжаттар жоқ. Филиал өтініш берушілер ұсынатын құжаттарға тиісті назар аудармаған. Атап айтқанда, Шу ауданында бірнеше шаруа қожалықтарының атынан бір ғана жеке тұлғамен келісімшарт жасалған, бұл заңсыз іс-әрекет.
Суды заңсыз пайдаланудың барлық анықталған фактісі бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберіледі. Сонымен қатар, министр еліміздің барлық аймақтарында суару маусымында су пайдалануды бақылауды күшейтуді тапсырды. Су ресурстарын пайдалануда ашықтықты қамтамасыз ету маңызды, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Еске сала кетсек, осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша заң бұзушылыққа жол берген «Қазсушардың» басшылық лауазымдағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.