Медициналық өнімді 60 есе қымбатқа өткізбек болған кәсіпкер сотта жеңілді
Жетісу прокурорлары бюджетті артық шығыннан босатты
Жетісу облысының прокурорлары нарықтық құнынан 60 есе қымбат медициналық тауар сатып алуға жол бермеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, мемлекеттік сатып алуды Абай облысының медициналық білім беру мекемесі іске асырған.
Мемлекеттік сатып алуда 500 қорап (25 мың жұп) көлемінде бахила жеткізуге 887 мың 500 теңге көлемінде ең аз бағаны ұсынған кәсіпкер жеңіске жетті. Ол бахиланың 500 данасын ғана (250 жұп), яғни әрқайсысын 1 775 теңгеден жеткізбек болған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Жетісу облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен кәсіпкердің талаптары қанағаттандырылып, сот мекемені қаражатты төлей отырып, тауарды қабылдауға міндеттеді.
Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде апелляциялық сатыда бахиланың нарықтық құны 30 теңгеден аспайтыны дәлелденіп, заңсыз шешімнің күші жойылды.