×

Қазақстан аймақтарында фитосанитарлық мониторинг күшейтілді

Шекаралас аумақтардағы жағдай тұрақты түрде бақыланады

 Динара Амантай 17.06.2024 | 13:50
фото: carposting.ru

Өңірлерде шегіртке зиянкестерімен күресу бойынша қорғау шаралары аясында фитосанитарлық мониторинг күшейтілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, зиянкестердің таралу орындарын тексеруді 17 облыс, 2 республикалық маңызы бар қала және 168 аудандағы агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің әдістемелік орталығы жүргізеді.

Іс-шараларға Ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық бөлімшелерінің 1 113 қызметкері, сондай-ақ 400-ден астам штаттан тыс зерттеуші тартылып, 673 техника жұмылдырылды.

Жалпы, биыл 7,6 миллион гектар аумақ зерттелсе, химиялық өңдеуге жататын 2,5 миллион гектар аумақ анықталып, қазірдің өзінде 1,2 миллион гектардан астамы өңделді.

Ең қиын процесс – шегіртке үйірлерін дәл анықтау. Олар үшін потенциалды жәндік дернәсілдерінің кең аумақтары зерттеледі.

Залалсыздандыру шаралары зиянкестердің дамуының белгілі бір кезеңінде тиімді болғандықтан, жәндіктерді жою үшін шегіртке дернәсілдері толығымен жұмыртқадан шыққанша күту керек, бұл әртүрлі аймақтарда әртүрлі уақытта болады.

Айта кетсек, сарапшылардың 2023 жылдың күзінде жасаған болжамдары өзін толық ақтады. Атап айтқанда, шегіртке үйірінің таралуы 2,5 млн гектар аумақты қамтиды деп күтіледі. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 1 млн гектарға дерлік артық. Нақтыланған болжам нәтижесінде Үкімет резервінен қосымша 3,9 млрд теңге қаражат бөлінді.

Алдын ала күштер мен құралдар дайындалып, шегіртке зиянкестерімен зақымдану ошақтарын өңдеу бойынша жұмыстар жоспарланды. Бұл зиянкестердің алқаптарға таралуының және ауыл шаруашылығына төнетін қатердің алдын алуға мүмкіндік берді.

Зиянкестердің жаңа учаскелерін анықтау мақсатында өңірлерде фитосанитариялық мониторинг күшейтіліп, жұмыстар аяқталған кейбір облыстарда қайта тексеру жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, Түркістан облысында химиялық өңдеуден кейін 270 мың гектар алқапта шегірткенің таралуының жаңа аумақтары 79 мың гектарға жуық алқапта анықталды. Нәтижесінде, өңдеуге жоспарланған 271 мың гектардың орнына 350 мың гектарға қорғау іс-шаралары жүргізілді. Жағдай тұрақталды.

Шекаралас аумақтардағы жағдай тұрақты түрде бақыланады. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрліктерімен фитосанитарлық жағдай туралы ақпарат алмасылып тұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама