Төрт тоннаға жуық прекурсор тәркіленді
ІІМ жедел іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің 4 өңірінде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мамырда Өскеменде жиһаз бизнесінің атын жамылып, синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол қойманы жалға алып, жабдықтар мен химиялық заттар әкелген. Ұстау кезінде 1,5 келіге жуық дайын есірткі, 1,5 тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық және буып-түюге арналған жабдықтар тәркіленді. Тексеруден кейін оның Қостанай, Петропавл қалалары және Алматы облысындағы ұқсас зертханалармен байланысы бар екені анықталды.
Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің қозғалыс маршруты және күн тәртібін бақылауда ұстады. Осылайша, полицейлер бір мезетте бірқатар өңірде операция жүргізді. Рудный қаласында жалдамалы үйдің моншасын зертхана етіп жабдықтаған 2 адам ұсталды. 300 грамнан асатын дайын есірткі, химиялық заттар, қорғаныш костюмдер және жабдықтар тәркіленді. Олардың көліктерінен сатуға дайын есірткі табылды.
Алматы облысында мефедрон өндірісімен айналысқан тағы 2 күдікті ұсталды. Өндірістің соңғы сатысындағы есірткі, прекурсорлар және жабдықтар тәркіленді. Тергеу кезінде ұсталғандар есірткі жасырылған 10 жерді көрсетіп, жалпы салмағы шамамен 3 келіден асатын есірткі анықталды.
Жалпы, қала көшелеріне синтетикалық есірткінің 11 мыңға жуық дозасының таралуына тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6 келіден астам синтетика заңсыз айналымға жіберілмей, 4 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. ІІМ қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын азаматтарға алғыс білдіреді және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Бірлесіп қана біз қалаларды қауіпсіз етіп, балаларды есірткі қаупінен қорғай аламыз, – деді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.