×

Арқалықта су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жаңа үй салынып жатыр

Ол жерде баспанасынан айырылған адамдар тұратын болады

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2024 | 13:43
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жаңа үй салынып жатыр. Қазір қалада 94 тұрғын үй апатты деп танылған. Зардап шеккен азаматтарға 68 пәтер сатып алынды. 418 үйге қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне қарағанда, әрбір отбасына баспанасын қалпына келтірудің екі жолы ұсынылды. Бірінші ұсыныс, егер адам өз бетінше үйін қалпына келтірсе, оған ақшалай өтемақы төленеді. Екіншіден, су тасқынынан зардап шеккен адамға жаңа үй сатып алуға немесе жөндеу жұмыстарна ақша бөлінетін болды.

Қазір Арқалық қаласында мемлекеттің осы екі ұсынысынан басқа, су тасқыны салдарынан баспанасынан айырылған азаматтарға 50 пәтерлі үй салынып жатыр. Тұрғын үйді BAZIS компаниялар тобы өз қаражатына салып жатыр.

Жаңа үйге «Тұмар» деген уақытша атау берілді. Үй есіктері Face ID бейнеқоңырауларымен жабдықталған. Оның құрылысы мамыр айының ортасында басталған. Тұрғын үйді күзге қарай пайдалануға беру жоспарланған.

Сондай-ақ жақында Арқалықта су тасқынынан кейін үйлері қайта жөндеуге жарамай қалған 33 отбасына «Аяла» қоғамдық қоры арқылы пәтер сатып алынды. Осы қор сол отбасыларға тұрмыстық техникалар алу үшін 125 мың теңгелік сертификаттар табыс етті. Сертификатты қала әкімі Әмірхан Асанов тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама