Halyq Uni логотип
×

Жазғы демалыста лагерьге 1,7 млн-нан аса бала барады

Үкімет басшысының орынбасары жұмысты үйлестіруді Оқу-ағарту министрлігіне тапсырды

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2024 | 12:07
Жазғы демалыста лагерьге 1,7 млн-нан аса бала барады
Фото: gov.kz

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Жазғы лагерлердің жұмысы туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасады. Демалыс маусымы басталғалы бері елімізде түрлі формадағы 10 208 лагерьде 1,7 млн-нан аса бала қамтылып отыр. 

Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп отыр. Оқушыларды сауықтыру лагерьлеріне жібермес бұрын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жіті тексеру жүргізген. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова лагерьлердің санитарлық жағдайы тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша өңірлерде тақырыптық жоспарлар құрылған. Оның аясында лагерьлердегі бағдарламалардан бөлек, танымдық шаралар да қарастырылған болатын. Осы ретте балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік мәселесі туындайды. Осыған байланысты ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұған қатысты ақпаратты полиция бөлімдеріне алдын ала хабарлау қажеттігін еске салды. Мұндай жағдайда патрульдік машиналар бірге шығып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады, – делінген хабарламада.

Кеңесте Үкімет басшысының орынбасары балалардың жазғы демалысы үнемі бақылауда болып, демалысты мейілінше пайдалы өткізу үшін оқушыларға барлық жағдай жасалу керектігін қадап айтты. Ол жұмысты үйлестіруді Оқу-ағарту министрлігіне тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама