Шетел инвесторы Алматы облысындағы өндіріс орнына 160 млн доллар бөледі
Премьер-министр Олжас Бектенов Ресей, Беларусь, Кавказ, Орталық Азия елдеріндегі PepsiСo азық-түлік өнеркәсібі саласындағы ірі трансұлттық корпорациясының президенті Давид Манзинимен кездесіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы компанияның басшысымен келісілген уағдаластықтарды іске асыру үшін Алматы облысында Lays қытырлақ картоптары секілді тұзды, жеңіл тағамдар өндіретін зауыт салу жобасын талқылады.
Бүгінде снектер шығаратын жаңа зауытқа 160 млн доллар көлеміндегі шетелдік жеке инвестициялар бөлінді.
Өндірісті локализациялау және инновациялық технологиялар трансферінің ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.
Бұл іске қосылғаннан кейін Орталық Азиядағы ең ірі жоба болады. Зауытты 2026 жылы іске қосу көзделген. Ол жылына 16 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Кейін 2027 жылдан бастап, 21 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Дайын өнім Орталық Азия нарығына және одан тысқары жерлерге жеткізілетін болады. Құрылыс кезеңінде мыңға жуық адам тартылады. Ал жобаның өзінде 350-ге жуық білікті мамандарға арналған жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.
Давид Манзини жобаны іске асыру кезінде компания негізінен жергілікті шикізатты сатып алуға ниетті екенін айтты. Жергілікті фермерлермен картоптың сынақтық партияларын жеткізуге келісімшарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
2026-2030 жылдары 50-66 мың тоннаға жуық картоп сатып алу, кейінірек көлемді одан әрі ұлғайту жоспарланған. Процестердің технологиясын ескере отырып, жоғары қайта өңдеу деңгейі қамтамасыз етіледі. Ал жаңа озық әдістер экологиялық тұрақтылық қағидаттарына сәйкес келуге мүмкіндік береді. Осылайша, жаңа зауыттың қалдықтары 100% қайта өңделіп, кәдеге жаратылатын болады.
Компания жобаны қысқа мерзімде іске асыруға мүдделі. Еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал қазірдің өзінде жобаны дамытудың келесі кезеңдерін пысықтауға мүмкіндік береді. Кейін PepsiCo өнімдердің басқа да көптеген түрін шығару үшін зауытты жаңғыртуға тағы да инвестиция салады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл жобаның ауыл шаруашылығын дамыту, шаруалардың табысын арттыру және жалпы алғанда экономиканы нығайту үшін маңыздылығын атап өтті. Себебі осындай ауқымды инвестициялық бастамалар президенттің экономиканы әртараптандыру бойынша алға қойған мақсаттарына сәйкес келеді. Жобаның азық-түлік өнеркәсібі мен АӨК үшін маңыздылығымен қатар, зауыт құрылысы іргелес көлік, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптау және қайта өңдеу салаларына мультипликативті әсер етеді.
АҚШ – Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Қазақстан PepsiCo секілді стратегиялық инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз инвестицияларды қорғау бойынша міндеттемелерді сақтаймыз және қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Олжас Бектенов.
Зауыт Үкіметтің ерекше бақылауындағы басым инвестициялық жобалар пулына енгізілген. Жалпы, биыл жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша пул 122,5 мың жұмыс орнын ашатын, 32 трлн теңгені қамтитын 704 жобадан тұрады.
Кездесудің соңында тараптар еліміздің азық-түлік әлеуетін арттыруға ықпал ететін жаңа жобаларды іске асыру бойынша өзара іс-қимылды кеңейту және ұзақмерзімді ынтымақтастықты құру ниетін растады.