Алматыда әскери қызметшілер адамды ажалдан құтқарды
Ефрейторлар өрттен қарт кісіні алып шықты
Алматыда әскери қызметшілер адамды өрттен құтқарды. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жөндеу базасының әскери қызметшілері Абылайхан Омаров пен Талғат Әбжанов аулада автокөлік жөндеп жатқан кезде жолдың арғы бетінде өртке оранған жер үйден қарт адамды алып шықты.
Әскери қызметшілер зардап шеккен азаматқа алғашқы көмек көрсетіп, медициналық және өрт сөндіру бригадаларын шақырды.
Осыдан кейін ефрефторлар өрттің жапсарлас құрылыстан тұрғын үйге ұласуын алдын алып, өртті сөндірген. Сол кезде оларға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көмекке келді.
Зардап шеккен азамат 1963 жылы туған. Ол екінші және бірінші, екінші және үшінші дәрежелі күйік алып, №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Біздің орнымызда кім болса да осылай істейтін еді. Бізді медициналық дайындық сабақтарында өрт кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге үйретеді. Бірақ, біз алған біліміміз өмірде кәдеге жарайды деп ешқашан ойламаппыз, - деді өрт сөндірген жауынгерлер.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен әскери қызметшілер өрт сөндіруде және адамды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталды.