Қазақстанның блокчейн технологиялар қауымдастығы ребрендинг жасап, атауын өзгертті
Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект қауымдастығы
Қазақстанның блокчейн технологиялар қауымдастығы атауын өзгертті. Бұл туралы қауымдастық төрағасы Дәурен Қарашев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазақстандық блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығы (ҚБТҚ) ребрендинг жасап, атауын Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект қауымдастығы (ҚБТЖИҚ) деп өзгертті. Жаңарту аясында ұйымның логотипі де өзгерді. Қауымдастық функционалының кеңеюі мен жасанды интеллектіге байланысты міндеттерге баса назар аудару ребрендингтің негізгі себебі болды», - деді ол.
Сондай-ақ Дәурен Қарашев 2024 жылдың басынан бері қауымдастыққа жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандар кіргенін әрі олардың көбі қазірдің өзінде осы тақырып бойынша шеберлік сыныптарын өткізгенін атап өтті. Бүгінде ұйым блокчейн-технологиялар саласындағы белсенді жұмысын жалғастырып жатыр.
Қазақстандық блокчейн технологиялар қауымдастығы 2021 жылы құрылды жəне оның негізгі мақсаты – Қазақстанда блокчейн технологиясы саласын дамыту. Бұған дейін қауымдастық өз жанынан блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған «Блокчейн және ЖИ мектебі» атты бірегей білім беру платформасы іске қосқан болатын. Бүгінде аталған мектеп аясында бірнеше тегін курс өткізіліп, онда 1 мыңнан астам қазақстандық дәріс алды.