Қазақстан санкция талабын орындауға мәжбір
Ресейге әскери мақсатта пайдаланылатын тауарларды тасымалдаған «КБР-Технологии» атты қазақстандық компания АҚШ-тың санкциясына ұшырады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«КБР-Технологии» компаниясы санкция тізіміне енді. Мемлекеттік кірістер комитеті мен Өнеркәсіп министрлігінің дерегінше, бұл компания экспорт-импорт лицензиясын алуға өтініш бермеген. Бізде компанияның профилін жасайтын басым өнімдердің тізімі бар. Бұған дейін аталған компания Қазақстанға осы санаттағы тауарларды импорттамаған немесе экспорттамағандықтан тиісті профиль жасалмаған. Сондықтан қазір біз оны анықтап жатырмыз, - деді вице-премьер Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Серік Жұманғарин тиісті тізімге енген тауарлар қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Біз санкцияны қолдамаймыз. Бірақ оны орындауға мәжбүрміз. Осы тұрғыда экспорттық-импорттық бақылауға жататын тізімді кеңейттік. Компания кеңейтілген тізімнен тауар жеткізген жоқ. Сондықтан олар нені жеткізгенін, заң бұзу дерегі қалай тіркелгенін анықтап жатырмыз. Келесі аптада Еуропа Одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан келеді. Сейсенбіде О’Салливан мырзамен кездесіп, осы мәселелерді талқылаймыз, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Еске сала кетек, бұған дейін вице-премьер Ресейге салынған санкция Қазақстанға қалай әсер етіп жатқанын түсіндірген еді. Сондай-ақ бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер министрлігі де пікір білдірген болатын.