Жамбы атудан Қытайда өткен Әлем чемпионатында Қазақстан алтын медаль жеңіп алды
Батыр Бексауыт басты қарсыласымыз саналған моңғол спортшыларының алдын 1 ұпаймен орап кетті
2024 жылғы 8-13 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының Силин-хот қаласында жамбы атудан (ат үстінде садақ ату) әлем чемпионаты өтті. Чемпионатқа бірнеше елден, атап айтқанда, Қазақстан, Аустралия, Малайзия, Түркия, Қытай, Индонезия, Қатар, Моңғолия, Пәкістан елдерінен және Тайпей мен Макао провинциясынан 60-қа жуық спортшы қатысты.
Қазақстанның намысын ұлттық құраманың 4 мүшесі: Абзал Тұлыбеков, Айтбек Сарыбай, Нұрсұлтан Бірлікбаев және Батыр Бексауыт қорғады. 4 күнге созылған дүбірлі дода «Мажар», «Азия», «Император», «Саран» стилдері бойынша өтті.
Жарыстың алғашқы күні спортшылар «Мажар» стилі бойынша сынға түсіп, бұл сайыста «Алтын тұғыр-2023» иегері Батыр Бексауыт үздік үштікке ілінді. Ал алтын және күміс жүлдені Моңғолия елінің мергендері иеленді.
Жарыстың екінші күні мергендер «Азия» нысанасын көздеді.
Үшінші күні біздің спортшыларымыз бұрын-соңды атып көрмеген «Император» стилі бойынша жарыс болды. Соған қарамастан ұлттық құрама мүшесі Айтбек Сарыбай осы стильдің күміс жүлдесін жеңіп алды. Алтынға небәрі жарты ұпай жетпей қалғанына қарамастан, бұл – жерлестеріміз үшін жақсы нәтиже.
Жарыстың соңғы күні «Саран» стиліне арналды. Осыған дейін бұл нысананы да көздеп көрмеген мергендеріміз тағы да ерледі. Батыр Бексауыт басты қарсыласымыз саналған моңғол спортшыларының алдын 1 ұпаймен орап, алтыннан алқа тақты. Осылайша, Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен әлем чемпионатын аяқтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қытай жамбы ату федерациясының өкілдері құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Еске сала кетсек, Республикалық жамбы ату федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге, «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.