Елімізге Ресейден жеткізілген қызанақта қауіпті вирус бар
Карантиндік қызанақ сот қаулысына сәйкес жойылуға тиіс
Қазақстанға Ресейден әкелінген қызанақтан вирус табылды. 500 келі болатын бүкіл партия жойылуы керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті хабарлады.
ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық инспекциясы Орал аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларымен межелі орнында екінші қайтара тексеріс жүргізу барысында, Ресей Федерациясынан келген 0,5 тонна қызанақ өнімінен карантиндік нысан – қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы (ToBRFV) анықталған.
Дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 400-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, айыппұл салынды. Сақтауда тұрған карантиндік қызанақ өнімі сот қаулысына сәйкес жоюға жатады, - делінген хабарламада.