Ойынға ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген қатыса алмайды
6-7 маусымға қараған түні сағат 00.45-те футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы сырт алаңда Словакия командасымен Ұлттар лигасындағы кезекті матчын өткізеді.
Кездесу Трнава қаласында болады.
Кеше ұлттық құрама «Сити Арена» стадионында жаттығу жасады. Осыдан кейін Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
- Словакия командасы туралы не айта аласыз? Команданың Беларусьпен ойынын қарадыңыз ба?
- Бұл матчта Словакия позициялық шабуылдарды көп ұйымдастырды. Ал Беларусь құрамасы жақсы қорғана білді. Команда жиі шабуыл жасап, қарсыласына қысым көрсетті. Сондықтан матчтың есебімен толық келісуге болады (Словакия Белурусьті сырт алаңда 1:0 есебімен жеңген, - ред.). Дегенмен Беларуське ойын соңында есепті теңестіруге болатын еді. Тамаша мүмкіндікті жіберіп алды.
Словакия - біздің топтың фавориті. Оның құрамында Лоботка, Шкриньяр секілді әлемдік деңгейдегі ойыншылар бар. Сондай-ақ, жеке шеберлігімен көзге түсіп жүрген футболшылар жеткілікті. Мысалы, Куцка мен Вайссты, ірі денелі шабуылшы Алмашиді де айтуға болады. Қапталдағы қорғаушылары да мықты, шабуылға жақсы қосылады. Сондықтан бізге ұйымдасқан түрде ойнау қажет.
- Жол жүруге жеті сағат кетті. Жігіттер қалпына келіп үлгерді ме?
- Дұрыс айтасыз. Алыс жол ойыншыларға әсер етпей қоймайды. Жігіттердің қалпына келген-келмегенін ойында белгілі болады. Біз матчқа негізгі құрамды қайта жасақтаймыз. Уақыт тығыз болған соң, құрамда біршама өзгерістер болады.
- Ойында кім капитан болады? Команданың вице-капитаны Исламбек Қуат матчқа дайын ба?
- Исламбек - командадағы негізгі ойыншылардың бірі. Оның бойында көшбасшылық қабілет бар. Асхатты алмастыратын футболшылар жеткілікті. Бірақ, матчта Қуат болады. Словакиямен ойынға ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген қатыса алмайды. Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Әзербайжанмен матчта контузия алды. Сол себептен ол 10 маусымда Беларусьпен ойынға да қатыспайды. Ал 13 маусымда Словакиямен кездесуге дайын болуы мүмкін.
Тағы бір айтатын нәрсе, Словакия мен Қазақстан матчында қызмет ететін төрешілер белгілі болды.
Бұл ойын эстониялық төрешілер тобына сеніп тапсырылды. Бас төреші болып Кристо Тохвер тағайындалды. Оған қос қапталдан Силвер Кыйв пен Стен Клаасен көмектеседі. Төртінші төреші қызметіне Йоонас Яановиц бекітілді. Ал VAR-ға швейцариялық мамандар - Федайи Сан мен Штефан Хорисбер жауапты болады.
Кездесудің бас төрешісі Кристо Тохвер сары қағазды аямайтын төреші екен. Ол 1 маусым күні Мальта мен Венесуэла арасындағы жолдастық матчта алты ойыншыны сары қағазбен жазалаған.