Зымыран тұрғын үйге түсіп, 9 адам қаза тапты
Ресейдің Қарулы күштері зымыранмен Украинаның Днепропетровск облысындағы Кривой Рог қаласын атқылады. Соның салдарынан 9 адам қаза тауып, 29 адам жараланды.
Днепропетровск облысы әскер әкімшілігінің басшысы Сергей Лысактың айтуынша, ракета тұрғын үйлерге түскен. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарды көздегенін хабарлады.
Қазір қалада зардап шеккендерге көмектесу үшін арнайы штаб құрылды. Осы жерден адамдар өздеріне қажетті заттарды ала алады. Біз зымыран түскен үйдің тұрғындарына қолда бар көмектің бәрін береміз. Олар әзірше уақытша баспанаға орналасады, – деді Кривой Рог Қорғаныс кеңесінің басшысы Александр Викул.
Украина президенті Владимир Зеленский НАТО-ға мүше елдерге тағы да әуе шабуылына қарсы қорғанысты нығайту керектігін айтты.
Украинаға қазіргі заманғы әуе қорғанысы жүйелері аса қажет. Мен Украинаның серіктестерінен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жеткізіп беруді өтініп сұраймын. Егер мұндай жүйе болмаса, Украианның бейбіт халқы зардап шеге береді, – деді ол.
Қазір Ресей әскері Харьков облысына шабуылын одан әрі жалғастырып жатыр. Олар Украинаның бірнеше қаласы мен селосын басып алды. Облыста өліспей беріспейтін шайқас болып жатыр.