Қылмысқа қатысы бар 4 күдікті ұсталды
Қаржылық мониторинг агенттігі «Әуежай-Астана» кеден бекеті мен DHL курьерлік компаниясының қызметкерлерімен бірлесіп, Таиландтан халық тұтынатын тауарлары түріндегі пошта сәлемдемелері арқылы аса ірі мөлшерде келген есірткі заттарын анықтады.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері қызметтік-іздестіру итінің көмегімен DHL уақытша сақтау қоймасын тексеру кезінде кедендік бақылау бекетінде халықаралық пошта жөнелтімдерінен 3 қорап есірткіні тапты. Олардың ішінен жалпы салмағы 3,5 келі каннабис сығындысы (гашиш майы) табылды.
Қылмысқа қатысы бар 4 күдікті анықталды. Олардың тұрғылықты жері тексеріліп, салмағы 787 гр марихуана мен есірткі заттарын өлшеп-орау үшін қажетті басқа да заттар тәркіленді.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы талаптарына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.