eGov.kz қызметін пайдалатындар саны азайып жатыр
Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкен қаласының тұрғындары портал қызметін сирек пайдаланады
Қазақстанда электронды үкімет порталын пайдаланушылар саны азаюда, деп хабарлайды finprom.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылы eGov.kz қызметін 26,7% үй пайдаланған. Бұл елімізде цифрлық қызметтердің кеңінен енгізілуіне қарамастан соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткіш болып саналады. Мысалы, 2020 жылғы көрсеткіш – 30,8%, 2019 жылы – 30,4%, 2018 жылы – 34,6%, 2017 жылы – 33,2%.
Электронды үкімет қызметтерінің ең белсенді пайдаланушылары Қарағанды облысында. Онда сұраққа жауап бергендердің 43,1%-ы бұл қызметті пайдалатындарын айтқан, өткен жылғы көрсеткіш – 50,7%. Сондай-ақ үздік үштікке Алматы (пайдаланушылардың 36,4%-ы) және Шығыс Қазақстан (пайдаланушылардың – 35,7%-ы) облыстары енді.
Маңғыстау (пайдаланушылардың 4,7%-ы), Жамбыл облыстары мен Шымкен қаласының тұрғындары eGov.kz қызметін сирек пайдаланады.
Электронды үкімет порталындағы ең танымал қызмет – мемлекеттік басқару органдарының сайты арқылы ақпарат алу. Бұл қызметті респонденттердің 22,3% пайдаланған, өткен жылғы көрсеткіш – 25,3%.